262

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте педагог-кітапханашылардың ұйымдастыруымен READx жобасы аясында пікір алмасу өтті. Жобаның басты мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды насихаттап, оқуға деген қызығушылығын арттыру, көпшілік алдында сөйлеу мәнерін қалыптастыру.

Мектебіміздің 7 «Е» класс оқушысы Темирлан Акатаев пен 8 «А» класс оқушысы Анель Толеген ерекше жобаның жүргізушілері болды. Директордың негізгі мектеп жөніндегі орынбасары Максат Жампеисов, баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина, 7 «Е» сынып оқушысы Ерсултан Токтамысов, 8 «В» сынып оқушысы Нурсауле Есбол, 7 «С» сынып оқушысы Диажан Ұзақбай спикер ретінде қатысып, өздері оқыған шығармаларымен бөлісті.

Әдетте, спикерлердің аудитория алдында сөйлеуі сұрақ-жауаппен шектелетін болса, ал бұл жолы мүлде басқаша болды. Педагог-кітапханашылар аудиториядағы оқушыларға шара басталмас бұрын, бағалауға арналған екі топшамаларды үлестірген болатын. Екі топшаманың бірін көтеру арқылы оқушылар кітапты «Оқимын» немесе «Ойланамын» деп дауыс берді. Дауыс беру нәтижесінде спикерлердің қай кітабы оқушылардың қызығушылығын тудырғаны анықталды.

Жоба соңында әрбір қатысушы спикерге сертификаттар табысталып, оқушылар өзара кітап алмасуға мүмкіндік алды. Қызығушылықты арттырып, шабыттандыратын жоба үшін педагог-кітапханашыларға алғыс білдіреміз! Оқуға ұмтылайық!