16

Тоғызқұмалақ онлайн-спартакиадасы еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 90 үздік ойыншысын жинады. Үшкүндік тартыста қатысушылар үш жас санаты бойынша жарысқа түсті.

3-6-сынып оқушылары арасында жүлделі орынға Мирас Дайыров пен Нұрсара Тулегенова ие болды.

Турнирдің ең кішкентай қатысушысы Нұрсара 9 жаста. Тоғызқұмалақтың қыр-сырын оған әкесі үйреткен. Кішкентай Нұрсара ұлттық ойынды ойнай білу әрбір қазақ үшін маңызды деп есептейді.

Тоғызқұмалақ ̶ төрт мың жылдық тарихы бар бірегей ұлттық ойын. Ойын математикалық ойлауды, логиканы, шыдамдылық пен тапқырлықты дамытады.

– Тоғызқұмалақ ойнауды неғұрлым көп жастарымыз үйренсе, соғұрлым рухани мұрамызды сақтап, дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе аламыз, – деп бөлісті турнир қатысушысы, 10-сынып оқушысы Нұрсәуле Есбол.