27

Халықаралық мектепте қазақ халқының бас ақыны, ұлы ойшылы, ағартушы-философы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өтуге арналған мерекелік жиын болып өтті. Акт залына сап түзеген MYP оқушылары Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындап, жиынға жақсы бастама берді. Сонымен қатар, салтанатты шараға директордың негізгі мектеп оқу ісі жөніндегі орынбасары Максат Жампеисов, ұйымдастырушы координатор Акбар Тусупбаев, мектептің музыкалық-көркемдік жетекшісі Риза Рахимова, мұғалімдер қатысты.

Қосымша білім беру педагогтары Ұлы Абайдың «Айттым сәлем қаламқас» әнін орындап, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеуге арналған бастамаға үлес қосты. Сондай-ақ, салтанатты жиын барысында мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген оқушылар мен шаңырақтар марапатталып, арнайы алғыс хаттарға ие болды. Student council ұйымының атқарған жұмыстары еленіп, ұйым құрамындағы оқушыларға алғыс хаттар табысталды.

Жиын соңында ұйымдастырушы координатор Акбар Тусупбаев мектеп қауымдастығын қазақтың ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығымен құттықтап, оқушыларды бұл айтулы мерейтойға үлес қосуға шақырды.