75

Мектепте жағымды мәдениет пен сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеті және бұл арақатынас барлық мүдделі тұлғалардың ынтымақтастыққа ашық болған кезде ғана мүмкін. Біздің ата-аналарымыз бен мұғалімдеріміз баланың мүддесі үшін ашық және адал диалогқа дайын екендігін білдірді.

Халықаралық мектепте карантиннен кейінгі 2021 жылдың алғашқы ата-аналар форумы өтті. Оған әр сыныптан бір ата-ана өкілі, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері қатысты.

Ата-аналар оқу-тәрбие процесінің маңызды аспектілерін талқылады: сабақтан тыс уақыттағы оқушылар жүктемесінің баланың психологиялық және эмоционалды жағдайына әсері, бейімделу кезеңінде жаңадан келген оқушыларға қолдау көрсету, балалардың дербестігін, қиындықтарға төтеп беру қасиеттерін дамыту, оқушылардың өзін-өзі ұйымдастыру дағдыларын дамытудағы ата-аналардың рөлі және түлектердің мамандық таңдауы. Түрлі-түсті плакаттар мен көрініс көрсетілімдері кездесудің сәнін келтіріп, оқушыларымыздың ата-аналары қандай үлкен шығармашылық әлеуетке ие екенін көрсетті.

Форумның басты тақырыптарының бірі – балалардың әл-ауқаты. Әр тараптың (оқушы, мұғалім, ата-ана) атынан сөйлеген спикерлер осы тақырыптағы ойымен бөлісіп, мектеп өмірінің басты аспектілерін атап өтті.

Арнайы командаларға бөлінген ата-аналар оқушылардың әл-ауқатына үш көзқарас бойынша – ата-ана, оқушы және мұғалім тұрғысынан – әртүрлі жағдайларды қарастырып, өз шешімдерін ұсынды. Халықаралық бакалавриат студенттерінің жеті негізгі қасиеттері бойынша бөлінген ата-аналар мәселелерді талқылап қана қоймай, жеке тәжірибелерімен бөлісті.

– IB бағдарламасында «Оқушының дауысы» деген ұғым бар. Біз бүгінгі конференцияда осы ұғымға тағы екі түсінікті қосып отырмыз, бұл – мұғалімнің дауысы және ата-ананың дауысы. Сапалы білім беру мектеп пен отбасы тығыз байланыста болғанда ғана орнайтынына сенімдіміз, – деп іс-шараның негізгі міндетін конференция басында кездесу модераторы және ұйымдастырушысы бастауыш мектеп жөніндегі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тілектес Тлеулина атап өтті.

Отбасы мен мектеп арасындағы диалогты нығайту – ата-аналар форумы – 2021 шарасының негізгі мақсаты. Ата-аналар тарапынан да, педагогтерден де жақсы пікірлер түсіп жатыр. Соның негізінде, шараның мақсаты орындалды деп айта аламыз.