12

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте ата-аналар комитеті мен мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен ғылыми жаңа жыл болып өтті. Жаңа жылға арналған ерекше форматтағы шараның өтуіне ата-аналар комитетінің төрайымы Меруерт Ураловна, төрайымның орынбасары Гульнара Сериковна мен Назым Токтамысовна белсенді атсалысты.

«Ақылды Астана» жобасының шеңберіндегі мерекелік шарада дәстүрлі шырша мен ойын-сауықты ғылыми тәжірибелер мен құнды білімдер алмастырды. Мектебіміздің PYP сыныптары қатысқан ғылыми жаңа жыл қызықты оқиғалар мен ерекше әсерлерге толы болды.

Аяз аталар университетінің ректоры қызметінен кетуіне байланысты тез арада жаңа басшыны табу қажеттілігі туындайды. Сайлауға қатысуға ниетті төрт үміткер табылып, балаларға зертханаларда өз бағдарламаларын ұсынады. Сыйлықтарды жеткізу, аязды өрнек, жарқыраған қар, қауіпсіз отшашулар деп аталатын төрт зертхана оқушыларға өз есіктерін айқара ашып, ғылым әлемінің сырларымен бөлісті.

PYP сыныптарының оқушылары төрт зертханада қызықты тәжірибелер жүргізіп, көңілінен шыққан үміткерге өз дауыстарын берді. Шара соңында балаларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Біз де өз тарапымыздан ғылыми жаңа жылдың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан ата-аналар комитетіне, «Ақылды Астана» жобасының ұйымдастырушыларына өз алғысымызды білдіреміз.