12

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған желілік NIS «Туған елге тағзым» байқауының нәтижелері бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектебі бірінші командалық орынға ие болды. Мектеп қоржынында екі алтын, екі күміс жүлде.

«Өндірістік инновация кепілі – зияткерлік әлеует» бағыты бойынша бас жүлдені 11-сынып оқушысы Хақназар Әбілда алды. Байқауға жас зияткер есту қабілеті нашар дамыған адамдарға арналған сөзді мәтіндеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымшаны ұсынған.

– Байқау тек жақсы әсер қалдырды: өзімнің жеке жобамды таныстырып қана қоймай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін көруге мүмкіндік алдым, – деп бөлісті жас зияткер.

Екінші бас жүлде – «Селт еткізер, ерен ой» номинациясының жеңімпазы Айдана Шокатаевада. Ол психикалық сырқатқа шалдыққан жас әртіс туралы қысқаметражды фильмнің сценарийін жазған:

– Адамның психикалық денсаулығына назар аудару, өзін тұлға ретінде қабылдау мәселелеріне көңіл аударғым келді. Тақырыпты таңдаудағы себебім де сол – қазіргі уақытта психикалық денсаулық өзекті, әрі көп талқыланатын мәселелердің бірі. Өз жұмысым арқылы бұл проблеманы көтеруде өз үлесімді қосқым келді.

Аталмыш номинациясының күміс жүлдесі де мектебіміздің қоржынында: Даяна Мукашева байқауда өзінің «Никогда не поздно» кітабын таныстырды. Жасөспірімнің ата-анасымен қарым-қатынасының маңызды рөлі жөніндегі бұл кітапты жазуға және редакциялауға 8-10 ай уақыты кеткен.

Байқаудың былтырғы жүлдегері Инсар Тунгушбаев биыл тағы өз жетістігін қайталай түсті. Автордың айтуынша, «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші» бағыты бойынша ұсынылған жұмыстың – Деменцияға шалдыққан жандарға арналған мобильді қосымша – аналогы жоқ:

Деменция – егде жастағы адамдар арасында жиі кездесетін аурулардың бірі. Мобильді қосымша мұндай адамдарға танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі тренажерлер мен ойындар арқылы көмектеседі.

Жалпы байқауға мектептен 5 бағыт бойынша 14 жұмыс ұсынылды. Мектептің осынау жеңістерін «Туған елге тағзым» жобасының тарихындағы ең елеулі жетістіктердің бірі десек, қателеспейміз.