19

Жаңа оқу жылының қарсаңында елордамызда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ негізінде Астана қаласындағы халықаралық мектепте «Жаңартылған білім мазмұны: үшінші оқу жылы» атты республикалық семинар өтті.

Республикамыздың әр түкпіріндегі пилоттық мектептерде қызмет ететін екі жүз ұстаз астаналық аудиторияда бас қосты.

Семинар бағдарламасында көрсетілгендей, жаңартылған білім берілген екінші оқу жылының қорытындысына, соның ішінде диагностикалық тестілеу мен мониторинг нәтижелеріне ұжымдық талдау жасалды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымының орынбасары Назипа Аюбаева жаңартылған білім мазмұнын енгізудегі директорлар мен мұғалімдердің маңызды рөлін ерекше атап өтті. Тәжірибе тарату департаментінің директоры Гульнар Балгабаева 2016 – 2017 жылдары өткен тәжірибені бөлісу ісінің жағдайлары мен қорытындылары жайлы мағлұмат берді. Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Абдильдина бастауыш мектептің оқу бағдарламаларына енген өзгерістер жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Әлеуметтік маңызы бар бастамалар қорының менеджері Татьяна Немцан өзі оқыған баяндамасында экологиялық бағытта грант бөлетін байқауларға мұғалімдер мен оқушылардың қатысу дәрежесін талқылады. Директорлар критериалды бағалау және мұғалімдерді кәсіби біліктіліктерін арттырудың түйінді мәселелері, сондай-ақ білім берудегі позитивті психология және тиімді басқару бойынша практикалық сабақтарға ерекше қызығушылық танытты. Мұғалімдер үшінші сыныптың оқу бағдарламаларының мазмұнын, барлық пәндер бойынша оқу-әдістемелік кешендер мен қысқа мерзімді жоспарларды жан-жақты қарастырып шықты.

Бұл астаналық семинар келер оқу жылында жаңа оқу мазмұнын енгізуге арналған біртұтас семинарлар легін бастайды. Осылайша 15-16 тамызда Назарбаев Зияткерлік мектептері мен пилоттық мектептерде тамыз жиналысының секциялық мәжілістері өтпек. 5 және 7 сыныптарда берілетін жаңартылған білім мазмұнына көп мән беріледі деп жоспарланып отыр. Пилоттық мектептер негізінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлері бірінші және екінші сыныптардың мұғалімдеріне бастауыш мектепте сабақ беру ерекшеліктеріне арналған тренингтер мен мастер-кластар өткізеді. Арнайы ақпараттық-білім беру аймағында барлық оқытушыларға білім беру процесін қолдау үшін ДББҰ әзірлеген әдістемелік материалдарды жүктеп алуға мүмкіндік туады. Республикалық тамыз конференциясында мұғалімдерге қажет барлық әдістемелік қор мен оқу материалдары көрініс табатын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ көрмесі өткізіледі деп көзделуде. Мысалы, «Жүйелілік-әдістемелік кешенде» бес мыңнан астам дидактикалық материал, соның ішінде оқушылардың үлгерімін формативті және суммативті бағалау бойынша орта мерзімді жоспарлар мен әдістемелік ұсыныстар жинақталған. Мұғалімдер үшін оқу процесін тиімді ұйымдастыруға көмектесетін цифрлық білім беру ресурстары дайын.

Семинар соңында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Куляш Шамшидинова ҚР Білім және ғылым министрлігінің атынан педагогикалық қызметкерлерге Алғыс хаттар табыстады.

Mақаланың түпнұсқасы осында:: http://nis.edu.kz/ru/press-center/news/?id=6585