50

Бүгін бүкіл әлем болып мұғалімдердің еңбегін ардақтап жатыр. Бүкіл елмен жарыса Асатана қаласындағы Халықаралық мектеп Ұстаздар күнін тойлауда.

Таңертең мектеп табалдырығын аттап кірген әрбір мұғалім оқушылардан құралған ерекше «тірі дәліздің» ортасына түсіп отырды. Балалардың құлақ тұндырған құттықтау лебіздері мен ұсынған гүлдері педагогикалық ұжымның көңілін бір күнге емес, тұтастай бір оқу жылына жетерліктей көтеріп тастаған көрінеді. Бүгінгі мерекелік думанның ерекшелігі сол, оқушылар музыкалық аспапта ойнап, жиналған қауымды фортепианоның жанды нәзік үнімен тербетті.

Ұстаздар күні қарсаңында Астана қаласындағы Халықаралық мектеп ұжымының ортақ мерекелік шарасы да өткен болатын. Риза Рахимова мен Акбар Тусупбаев есімді қос қызметкер мектептің басты мәжіліс залында ұйымдастырылған мұғалімдерге арналған бейресми жиынның жүргізушілері болды. Осынау керемет күн марапаттау рәсімі мен ойын-сауыққа толып, ақыр аяғында дастархан жайылды. Жүргізушілер мен жаңадан келген жас мамандар түрлі викториналар өткізіп, өнер көрсетіп, әзіл-сықақ пен ән-күй арқылы әріптестерін сауықтық бағдарламаға қатысуға тартып, көңілдерін тапты.

Жақын арада әр сыныптан шыққан дарынды жеткіншектер мұғалімдерге арналған ғаламат концертте өз өнерлерін ортаға салады. Әсем ән мен күй, күлкілі көріністер, би мен акробатика –шәкірттер ұстаздарын міне осындай таланттарымен қуантпақ.