21

Бүгін Астана қаласындағы Халықаралық мектеп қауымдастығының қатысуымен «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында «Ұлы дала мұрагерлері» ұранын алға тартқан жыл сайынғы флешмоб өтті. Мектептің 40-қа жуық домбырашысы елорда тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен және Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Құрманғазының «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Қосалқа» және «Тепеңкөк» халық күйлерін ойнап берді.

Бұл акция дәстүрге айналғалы қашан. Бір күннің ішінде әртүрлі қалада орналасқан 20 орталықтың қонақтары танымал ұлттық композицияларды жарты сағат бойы тыңдап, шабыт беретін музыкалық тосын сыйға куә болып келеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар – балалық шақта аса қажет рухани құндылықтар, ұлттық мұрамызға деген мақтаныш мен патриоттық тәрбие берудің маңызды құралы.

Назарбаев Зияткерлік мектептері елдің барлық аймағында осы аттас флешмоб ұйымдастырып, 1000-ға жуық оқушы мен ұстаздың бір-бір домбырадан қолға алғандығы қуантпай қоймайды.