12

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірі ретінде оқу орнымыз түрлі білім беру ұйымдарымен, сондай-ақ әлемнің әр түкпіріндегі ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарымен берік қарым-қатынас орнатып тұрады. Апта соңында мектепке Франциядан шетелдік елшіліктің академиялық ынтымақтастық жөніндегі атташесі Александра Тиркуир Менс бастап келген делегация тоқтады.

Қонақтардың арасында Вальбонна Халықаралық орталығының Жоғарғы мектебіне қарасты дайындық курстарында математика профессоры қызметін атқарушы Люк Альберт пен «Француз Альянсы» мекемесінің директоры Динара Оразбаева болды. Кездесу барысында екі тарап мектептер арасындағы серіктестік байланыстарды дамыту жолдарын талқылады.

Құрметті қонақтарды 9-сынып оқушылары күтіп алып, кампусты аралатып көрсетті. Оқушылар мен пән мұғалімдері оқу үрдісінің барысы жайлы, мектептің сабақтан тыс өмірі туралы айтып берді. Үлкен залда ұлттық күйлер мен әндер орындалған шағын концерт ұйымдастырылды. Жүздесу үстінде шетелдіктер жергілікті ұжыммен жақын танысып: кітапхананың жайлы жағдайында білім берудің ұйымдастырушылық мәселелерін, өзара қарым-қатынасты нығайту мүмкіндіктерін қарастырды.

Люк Альберт мырза өз кезегінде әріптестеріне Францияның Жоғарғы инженериялық мектептеріне түлектерді дайындау жағдайлары, дайындық класстары, жалпы білім беру жүйесі туралы баяндап, отырғандарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.