27

Ақтөбеде осы аптамен жарыса басталған Қазақстан Республикасы рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалдары арасындағы спартакиада күні кеше аяқталды. Ақтөбе қаласындағы физика және математика бағытындағы Зияткерлік мектепте өткен кешенді жарыс нәтижесінде Астана қаласындағы Халықаралық мектеп мұғалімдері топ жарғандардың қатарынан көрініп, жалпы командалық есепте ІІ орынға тұрақтады.

Жекелеген спорт түрлерінен астаналық қонақтардың қол жеткізген жетістіктері келесідей: олар футболдан ІІІ орын, стритболдан ІІ орын, жүзуден ІІ орын және волейболдан IV орынды қанжығалап қайтты. Сарыарқаның төсінде қанатын жайған елордадан ат терлетіп барып, бас қаланың абыройын түсірмей қайтқан Халықаралық мектеп жүйріктері: Ж.К. Елеукеев, М.Н.Алишов, Р.Д.Сихымбаев, А.Ә. Тұрсынов, К.К. Атамбаев, Ж.К.Сапаргазинова, М.С.Шакенова, Р.С.Сайкен, Ы.Т.Жанбекова және Эдвард Аная есімді әріптестерін бүкіл ұжым жарыса құттықтауда. Елдің әр түкпірінен келген бәселкелестерін басып озғанымен, оларға жергілікті команда ғана дес бермеді.

Астана қаласындағы Халықаралық мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жастілек Елеукеев былай дейді:

– Біз мемлекетіміздің үздік мектептері саналатын оқу орындары атынан дүбірлі жарысқа түсіп, шәкірттерімізге үлгі болуға лайық екенімізді дәлелдеп отырмыз. Кез-келген додаға алдына жан салмай қатысып, «Ұстазым – ұлағатым, үлгі-өнегем» деген жеткіншектеріміз бізге қарап үйреніп, осылайша бізден қалмай жеңістен жеңіске жетуге ұмтыла береді деп сенеміз.