45

Бүгін Астана қаласындағы Халықаралық мектепте «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны өтті. Мерекеге дәстүр бойынша мектебіміздің ұстаздар қауымы, оқушылары, ата-аналары мен қонақтары қатысты.  Іс-шара Қазақстан Республикасының әнұранын тыңдаудан басталды. Мектеп директоры Бауыржан Ұзақбай өз сөзінде өткен жылдың нәтижелеріне тоқталып, жылы лебіздерін жеткізді:

– Ағымдағы оқу жылы мектебімізде Елорданың 20-жылдығына орай ұйымдастырылған, Қазақстанның және әлемнің үздік архитекторларын жинаған Наурыз кездесулері өтті. Аталмыш іс-шараның Астана қаласындағы Халықаралық мектепте өтуі- біз үшін үлкен мәртебе! Наурыз айының тағы бір жетістігі- мектебіміздің MYP авторизациясынан сәтті өтуі. Яғни, біздегі білім беру жүйесінің Халықаралық деңгейге сай екендігінің айғағы. Зияткер, шығармашыл әрі табысты тұлғаны тәрбиелеуді негізге ала отырып, өркендеу жолында талмай ізденіп, осындай жеңістеріңізбен қуантып, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға ізгі тілегімді арнаймын!

Мектепішілік шараларға ерекше ынтамен атсалысатын, бастамашыл ата-аналар ретінде Айгуль Егизбаева, Тимур Қурманбаев, Баян Алпысбековаға сөз кезегі беріліп, мектеп қауымдастығы атынан алғыс хаттары табысталды. Әр сыныптың белсенді деген ата-аналарына дәл осындай алғыс хаттар берілді. Оған қоса, оқу жылында көрсеткен үздік білімі үшін мектеп оқушылары да марапатталған болатын.

Ұлттың зияткерлік әлеуетін көтеріп, балаларды кітап оқуға баулуға септігін тигізер, дәстурге айналған «Үздік оқырман» номинациясы 5 «А» сынып оқушылары Айтказыева Амина, Есмаганбетова Аиша, Сауытбай Аделяға  берілді. Сонымен қатар, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдық мерейтойына орай қйымдастырылған «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы аясында «Буккросинг» деген атаумен ата-ана, мұғалім, оқушы бір адамдай кітап жинап, Астана қаласындағы Халықаралық мектеп Тайтөбе ауыл мектебіндегі оқу ордасына мамырдың 28-і  жол тартпақ.

Оқушылар өз кезектерінде «Астана- Махаббатым менің», «Мәңгілік елім», «Мектебім», «The world song» сияқты және басқа да әндер орындады. Сондай-ақ, Халқымыздың баға жетпес қазынасы – күйді насихаттау мақсатында, мектебімізде бастау алған «Қазақтың 100 күйі» жобасы аясында Думан Тлеубеков, Казбек Атамбаев жетекшілік еткен, мектебіміздің жүзден аса домбырашысы Халық күйі «Тепең көк», «Жастар биі» күйлерін күмбірлете тартты. Мектеп шәкірттерінің жан-жақты дамуына мән беретінін байқататын билер орындалып, қазақтың ұлттық жетігенінде дәстүрлі және заманауи әуендер тоғысты. Концерттік бағдарлама Астана қаласының 20-жылдығына орай бой көтерген макеттің аясында қойылып, ерекше көздің жауын алды.

Жетістікке толы оқу жылынан соң, Астана қаласындағы Халықаралық мектептің 1 және 9 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау сыңғырын есту – көптен күткен ерекше күн болды.

Алда жайдары жазғы демалыстың ерекше қызықты, жарқын әрі танымды өтуі ушін, сіздерді жазғы мектепке шақырамыз!