26

Тұңғыш Президент күні қарсаңында мектеп қабырғасында «Оқушы, ата-ана және куратор» спорттық эстафетасы болып өтті. Іс-шара нәтижесінде ынтымақтастық, спорт және дене тәрбиесіне деген қызығушылықты оятып, салауатты өмір салтын насихаттау және үздік команданы анықтау мақсат етілді.

7-сыныптардың оқушылары, олардың әке-шешелері мен кураторларынан құралған төрт бірдей команда түрлі жарыстарда бақ сынап көрді. Біразын атап айтсақ, сайыстар арасында әуе шарын пайдаланып жүгіру, «Гусеница», аралас эстафета, халық добы сынды ойындар болды.

Мәселен, әр командаға әуеге көтеріп алып жүру үшін бір-бір шардан берілді. Сайыскерлер шарды қолмен ұстамай, құлатып алмай ұрғылап жүгіруі тиіс еді. Тағы бір ойынның шартына сәйкес, әрбір қос командаға доп ұстатылды. Командалар бөлек-бөлек қатарға жайғасты. Әрбір ойыншы қарсыластарын жығып отыру үшін алаңның бір жағынан екінші жағына доп лақтырып, орайы келгенде бақталасы дәл соны қайталап отырды.

Қатысушылар бұл күнді көтеріңкі көңіл-күймен аяқтады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары белсенді қатысқандары үшін ойыншыларға алғыс білдірді. Қызметкерлер соншама адамның риза болып тарағанын байқап қуанды. Олар: «Осындай шараны ұйымдастыру үлкендер үшін балалық шаққа саяхат жасаумен тең болды»,-дейді. Доданың ақырында жалынды ән мен күйге флешмоб биленді.

Қорытындылай келе, 7 «B» сыныбының өкілдерінен құралған «Астана» командасы 1-ші орынды, 7 «C» сыныбының «The Best» командасы 2-ші орынды иемденіп, 7 «А» сыныбының беткеұстары – «Барыс» командасы 3-ші орынға ілікті. Ал 7 «D» сыныбының өкілдерінен тұрған «Лидеры» командасы ерекше күш салып, жақсы нәтиже көрсетті.