23

Астананың Конгресс-орталығында әлемнің 20 мемлекетінен келген атақты ғалымдар мен 1,5 мыңнан астам мұғалім «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» IX халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында екі күн бойы бас қосты. Конференцияның жұмысына Астана қаласындағы Халықаралық мектеп қызметкерлері де жанталаса атсалысты.

Екі күн бойы ұстаздарды кәсіби дамыту, мектепті басқару, білім берудегі инновациялар, мұғалімдердің зерттеулері сынды тақырыптар талқыға салынды. Барлығы ондаған панельдік дискуссия, семинарлар, презентациялар және «дөңгелек үстелдер» өтіп жатты. Мектеп директоры Ұзақбай үш мәрте модератор болып сессия басқарды.

Қонақтарға «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының эмблемаларын ұсыну халықаралық конференцияның ең жарқын сәттерінің бірі болды –Астана қаласындағы Халықаралық мектеп оқушылары өз қолдарымен киізден жасаған құстарды тарту еткен болатын. Фин сарапшы Паси Салберг, канадалық психолог Гордон Ньюфелд және Кэмбридж университетінің профессоры, ДББҰ қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дэвид Бриджес қатысқан автограф-сессия конференцияға қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятты. Ниет танытқандар мүмкіндікті пайдаланып, білім беру саласына арналған танымал кітаптардың авторларынан автограф алды. Пленарлық отырыстың алғашқы спикері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшідинова конференция тақырыбымен үндес аталған «Білім берудің болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация» баяндамасын оқып берген .

– «Бұл шараға аты әйгілі халықаралық сарапшы мамандар қатысып жатыр. Бұл дегеніміз фин білім беру жүйесі, сингапурлық білім беру жүйесі, сондай-ақ канадалық университеттерден психология мәселелерін зерттеушілер, Құрама Штаттардан мамандар арнайы келді. Биыл біз білімнің мазмұны жайлы, бағалау жүйесі, құндылықтар туралы сөйлеспекпіз, себебі кез-келген оқыту бағдарламасының негізін ең алдымен құндылық тұрғысынан қалау керек. Балаларымыздың рухани игілігін ойлап тәрбиелеуіміз керек», – деп ерекше атап өтті Күләш Ноғатайқызы.

Бұл дәстүрлі ғылыми-практикалық конференция Қазақстан мен өзге елдердегі орта білім беру жүйесіне қызығушылығы бар адамдармен бірлесе білім беру реформаларын қарастыратын негізгі платформаға айналды. Жыл сайын қазан айында өтетін конференция әлемнің белді көшбасшыларын, саясаткерлер мен тәжірибелі мамандарды орта білім саласын талқылауға шақырып, елдегі білім беру саласында орын алатын өзгерістерді енгізуде маңызды рөл атқарып келеді.