55

Қарашаның 12-ші жұлдызында Бүкіләлемдік мейірімділік күні қарсаңында бар ғалам бір әнді ұрандатып, бір биді билеп, бір мәлімдені арқалап, жер-жиһанды дүр еткізерлік шараға қатысты. Қазақстанның атынан Астана қаласындағы халықаралық мектептің атсалысуымен елорданың зәулім сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде мерекеге арналған «Dance for Kindness» атты VІ жыл сайынғы халықаралық фризмоб-флешмоб өтті. Іс-шараның ойдағыдай өтуіне оқу орнының 150 шақты қызметкері мен оқушысы белсене үлес қосты.

Айта кету керек, бұл фризмоб-флешмоб бүкіл дүние жүзін мекендеген мыңдаған бишінің басын қосып, мәдениетаралық қарым-қатынасты нығайту және түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-бірімен жақындасуын қолдау мақсатында 50-ден астам мемлекетте жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Оған қайырымдылық пен ауызбіршілікті нығайтудың арқасында әлемді мейлінше бақытты мекен етуге ұмтылған американдық Life Vest Inside бейкоммерциялық ұйымы ұйытқы болуда.

Мектеп ұжымы: «Бүгін тамаша күн болды: ондаған мың адам 50 елдің 100-ден астам шаһарында мейірбандылық, бейбітшілік пен келісім жасасын деп, Чарльз Престон жазып, орындаған «Махаббат төңкерісі» деген бір әнге бірдей би билеп шықты. Осы игі істің басында үш жыл қатарымен Астана қаласындағы халықаралық мектептің тұрғандығын мақтан тұтамыз»,-деп жар салуда.

Іс-шараға қатысушылардың көздегені – балаларды адамгершілікке тәрбиелеу, жақсы іс-әрекеттердің маңыздылығына назар аударту. Сондай-ақ, аталмыш шара қатысушыларға өздерін ортақ құндылықтары бар әлем азаматтары ретінде сезінуге мүмкіндік берді. Флешмоб барысында игі істерді жақтаймын деген кез-келген адамның қосыла билеуіне мүмкіндік болды.