22

Нұр-сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп «Еуропалық білім беру орталығының» «Білім глобусы – жаһандағы орыс тілді білім беру бойынша Виртуалды турлар» жобасына қатысушы қазақстандық мектептердің тізіміне кірді.

Кәсіби фото- және бейнеоператорлардан құралған Ресей делегациясы мектепке келіп, мұғалім мен оқушылардың қызметімен етене танысты.

Түсірілім тобына мектеп жобалары («Жас жазушылар», «Жасөспірім дауысы» журналы), үйірмелер жұмысы (тоғызқұмалақ, бейнелеу өнері, қолөнер, домбыра, жетіген, хореография) мен оқушылардың командалық және жеке жұмыстары ұсынылды.

Атап айтқанда, 11-сынып оқушысы Әлібек Сеитов «Acsessus» қосымшасын таныстырды:

– Біздің он адамнан жинақталған команда виртуалды шындық технологиясындағы қосымшаны жасау үстінде. Көптеген мектептерде оқушылар тек теориялық білімді алатындықтан, зерігіп, содан оқу үлгерімі төмендеуі байқалады. Біздің жобамыздың арқасында оқушылар ғылыми пәндерді оптикалық материалдар бойынша оқуға мүмкіндік алады. Қазір біз патент алу үстіндеміз. Көп ұзамай қосымшаны AppStore және PlayMarket-те іске қосатын боламыз.

Мектеп педагогтары Халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алудың артықшылықтары мен ерекшеліктері туралы ойларымен бөлісті. Кездесу ұйымдастырушылары орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Гүлмира Умарбекова мен Камила Садуакасованың айтуынша, түсірілім күнінің қорытындысы бойынша қонақтар біздің мектепте оқуға ниет білдірген. Бұл – мектеп үшін жоғары баға деп білеміз.

Мектебіміз туралы фильмді асыға күтетін боламыз.