65

Астана қаласындағы Халықаралық мектепте ересектерге арналған семинарлар топтамасының жұмысы аяқталды. 5-ші сәуір мен 17-ші мамыр аралығында мектеп оқушыларының ата-аналары бірегей курс шеңберінде өткен сабақтарға қатысты. «Ата-аналарға арналған мектеп» аталатын бұл жаңа да бірегей жобаны бастауыш сыныптардың координаторлары Майра Кунанбаева мен Тимур Боскин ата-аналардың мұқтаждықтары мен нақты мәселелерін шешу қажеттілігін ескере отырып дайындаған.

Жобаны ұйымдастырушылар іске кіріспес бұрын, біршама дайындық жасады. Олар андрогогика ілімін қамтыған еңбектерді қарастырып, ересек азаматтарды оқытудың теориясы мен іс-тәжірибесін барша курстың негізіне алды. Семинарлар барысында олар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқу нәтижелерін бағалауға деген көзқарас, Халықаралық бакалавриаттың бастауыш мектепке арналған (PYP) бағдарламасының өзіне ғана тән ерекшеліктері және басқа да мектеп өмірінің өзекті мәселелеріне көңіл аударды. Егжей-тегжейлі жоспарланған әрі қисынды ойластырылған барлық сабақтардың тізгіні мол тәжірибелі ұстаздарға сеніп тапсырылды. Әр семинардан соң қатысушылар бірігіп істеген жұмыстарының нәтижелерін бағалап, ой-пікірлерін білдіріп, өздерін мазалаған сұрақтарды айтуларына жағдай жасау үшін рефлексия өткізіліп отырды.

 Барлық семинарларда озат іс-тәжірибелерден алынған тексерілген әдістемелер қолданылып, халықаралық бағдарлама аясында қазіргі ата-аналар тап болатын проблемаларға зор мән берілді. Семинарлар мен сабақтардың арқасында мектеп ұжымы оқушылар мен олардың әке-шешелеріне өз әлеуеттерін толық жүзеге асыруға көмектесу үшін және барлығының қажеттіліктерін өтейтін орта қалыптастыру мақсатында анық та сенімді мәліметтер ұсынды.

1000-нан астам бала оқитын мектептің ата-аналар қауымы үшін бұл жобаның орны бөлек. Оның бірегейлігі тәрбие беретін ең негізгі екі институт – отбасы мен мектеп арасындағы тығыз серіктестік пен сенімді де жан-жақты қарым-қатынасты жолға қоюға бағытталғандығында жатыр. Ұйымдастырушылардың сөздеріне қарағанда, олар дегендеріне жете алды: оқу процесімен, оқу бағдарламасының қыр-сырымен, соның ішінде пәнаралық байланыспен, тұжырымдамалық амалдар принциптерімен және ізденімпаздық оқу әрекетімен таныстырып, ата-аналарға балаларының қалай білім алып жатқандығын көрсете алды.

Осы аралықта топтық жұмыс көп болды; семинарларға қатысушылар бірталай рет қазақ және ағылшын тілі, математика мен дене шынықтыру пәндерінің сабақтарында өздерін оқушылар кейіпінде сезіне алды,  дөңгелек үстел шарасында түйген пайымдарымен бөлісіп, сабақ беру тәсілдерін жақсартпақ мақсатта ойларын ортаға салды.

– Бастысы, -дейді Майра Кунанбаева: – біз ата-аналарға оқу орнымыздың іргесі қаланған кезден бастап, қолданыста жүрген PYP бағдарламасының мәні туралы айтып бердік. Себебі посткеңестік шақта өсіп жетілген қоғам орта білім берудің халықаралық стандарттарынан әлі де махрұм.

Осы жобаның шеңберінде мектеп бала қауіпсіздігімен айналысатын «Ангел города Астана» орталығынан бір топ маманды жас ұрпақты қауіптен арашалау туралы «Стоп угроза» тақырыбында тренингтер өткізуге шақырды.  Тренингтерге қатысқан ересектер мазмұнды әрі қызық іс-шара барысында айтылған ақпаратты бар жан-тәндерімен беріліп меңгерді. Интерактивті семинар кезінде ата-аналардың жол беретін әдеттегі қателері мен түрлі жастағы балалармен жақсы араласу жолдарын зерттеп, көкейде жүрген сұрақтарға бірге жауап тауып, ұрының айла-амалдарынан, ғаламторды пайдаланушылар тарапынан келетін қоқан-лоққы мен өзге де келеңсіздіктерден құтылудың қулықтарымен өзара бөлісті.

Соңғы сессия тұсында бір де бір шарадан қалмаған ата-аналар арнайы сертификаттармен марапатталды. Оларды Астана қаласындағы Халықаралық мектеп директоры Бауыржан Ұзақбай өз қолымен табыстады. Артынша ниет танытқан әке-шешелердің біразы шаршы топ алдына шығып, өздерінің оқудан алған әсерлерін жеткізді.

– Мен балаларымның жеке тұлға болып қалыптасуларына зор мән беремін. Сондықтан «Ата-аналарға арналған мектеп» жобасының арқасында осы оқу орнының іргесінде дәл осындай тәлім берілетініне көзім жетіп көңілім орнына түсті. Осы мектепті тамамдаған түлектер күндердің күнінде өздерін бәріне танытады деген сенімдемін,- деді 3 «А» сыныбы оқушысының анасы Жанар Нұралы.

– Әке-шеше болып, біз балаларымыздың нендей өмір сүріп, қалай білім алып жатқандарын білгіміз келеді, сондықтан балаларымыздың өмірінен мағлұмат берген мектебіміздің әкімшілігіне зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Балаңмен терезеңнің тең болғаны аса маңызды. Біз көшбасшылар мектебіне келдік, қаланың, тіпті елдің ең үздік мектептерінің біріне келіп тұрмыз. Бұл жерде кең-ойлайтын, ойшыл, зерттеуші оқушы болуды және басқа қасиеттерді тәрбиелейді. Бұл мектепке көп үміт артатынымыз өтірік емес, алайда бала тәрбиесіне қосатын біздің үлесіміздің маңызы ерекше, себебі бұл – екі жақты жұмыс. Бірлесіп жұмсаған күшіміз ғана сапалы нәтижелерге анағұрлым шапшаң жеткізеді. Мен аналар бүлдіршіндерінің айтарын тыңдап, оларға құлақ асып тұруларына шақырамын, өйткені мектебіміздің мұғалімдері дәл осылай жасайды. Біз сабақтардың қалай өтетіндерін көзбен көрдік – бұл бізді қызықтырмай қоймады. Барлығына айтар рақметім көп. Үлкен тәжірибе жинадым, – деп өз ойын қосты 2 «D» сыныбының ата-анасы Әсел Әлібек.

Тимур Боскин болса өзінің қорытынды сөзінде ата-аналарға қарап былай деді:

– Бұл соңғы шарамыз емес. Келесі жылы да жобаның форматын сәл өзгертіп, «Ата-аналарға арналған мектеп»-тің жұмысын жалғастырмақпыз. Сонымен бірге барлық семинарларымызды қорыта келе, біз қозғаған идеялар мен құндылықтар жөнінде әртүрлі әңгімелесу алаңдарында айтып жүрулеріңізді сұраймыз. Бұл өтініш өзге ата-аналарға жеткізсін деген ниеттен туып отыр, өйткені сіздердің ауыздарыңыздан естілген соң, бұл ойларды түсіну анағұрлым оңайға түседі. PYP мектептері бүкіл әлемде оң өзгерістерге жетелейтін күш болып келді. Бірақ ілгері бастыратын әрбір істің жолында кедергілер болмай қоймайды, сіздердің көмектеріңізбен соларды еңсеруге дайынбыз.

Бұл елеулі оқиғаның оқу жылының аяқталуымен тұспа-тұс келгені – атап өтерлік жайт. Бүкіл мектеп қауымдастығы жаңа оқу жылын бастауға қазірден бастап асығуда. Шараның жабылу салтанатында ата-аналар курсты жалғастыру үшін келесі оқу маусымын тағатсыз күтетіндерін айтып ақтарынан жарылды.