16

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жеткіншектердің тағы бір мәрте басын қосқан WRO 2017 жарысының республикалық кезеңі ақырына жетті. Оның міндеті робототехника саласында білім беру шаралары мен байқау өткізу жағдайында жарыскерлердің шығармашылыққа, дизайн мен мәселелерді шешуге деген қабілеттерін сынау болатын.

Биыл World Robot Olympiad аясындағы робототехника бойынша ұлттық жарыстар EXPO-2017 халықаралық көрмесінің шеңберінде өтіп жатты. Чемпионатта Қазақстанның әр аймағынан 300-ден астам оқушы бақ сынап көрді. Енді жеңімпаздар арасынан ұлттық команда жасақталып, ол Коста-Рикада өтетін WRO-2017 халықаралық олимпиадасына жолдама алады.

Іс-шараға Астана қаласындағы Халықаралық мектеп атынан үш топ қатысты. Олар: Genesis, Roborex және World Changers. Нәтижесінде Roborex-ке мүше конкурсанттар: 6 сынып оқушысы Даян Мектепбаев пен 4 сынып оқушысы Ахмед Кабдолла марапатқа лайық болар жақсы өнер көрсетті. 6 сынып оқушылары Энес Сисенбі мен Ізтілеубек Санабаев құрамына кірген Genesis тобы жартылай финалға сәтті өтті. Ал World Changers командасына келер болсақ, 6 «А» сыныбының шәкірті Дінмұхаммед Мырзагелді мен 7 «B» сыныбының оқушысы Аян Омар үшінші орынға қол жеткізді. Олар қатысқан шығармашылық категориясы – жоба жасауға негізделген, тұрақты дамуға қажет роботтар деген ағымдағы тақырыпқа қатысты оқушылардың робототехника бойынша өз зияткерлік шешімдерін ұсынатын жарыс. Олардың Astana EXPO TV арнасына берген сұқбатын көріп тыңдауға да болады. Сілтеме мына жерде: https://astanaexpo.tv/expo-da-y-robototehnika-bojynsha-ltty-chempionat/