11

Астана Халықаралық мектебінде ұстаздардың кәсіби мерекесі атап өтілді.

Мектеп мұғалімдерін оқушылар кіреберістен қарсы алды. Олар ұстаздарды қызыл кілем арқылы өткізіп, қошеметтеп, сыйлық сыйлады. Бастауыш сынып оқушылары мерекелік флешмоб арқылы жылы лебіздерін жеткізді.

12-сынып оқушылары түлектер апталығының қорытындысы ретінде мерейлі мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздарға арнап концерт ұйымдастырды. Мерекелік бағдарлама барлық мұғалімдерді тәнті етті. Оқушылар мұғалімдерге арналған бейнероликтерін көрсетіп, ән айтып, мерекенің көркін келтірді.

Мектеп директоры Айдар Булатов мұғалімдерді құттықтап, мерекеге орай осы жолда еңбек еткен, бар күш-жігерін жұмсаған ұстаздарға алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыстады.

Гүлмира Таланбекқызы білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Индира Ахметова Оқу-ағарту министрінің алғыс хатына ие болды.  

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинованың алғыс хаттары мен құрмет грамоталары да ұстаздардың білім мен тәрбие берудегі жоғары кәсібиліктері және педагогикалық шеберліктері үшін берілді.