27

Астана Халықаралық мектебінің 10 «С» сынып оқушысы Темірлан Ақатаев «FC Astana U-17» сапында футболдан Қазақстан Кубогында 1-орын иеленді.

Ойындар 17-23 қазан аралығында өтті. 24 құрама, 6 топ. Ақтық кезең ойындарына ең мықты 8 құрама өтті. Финалда «FC Astana U-17» «Қайрат U-17» құрамасына қарсы ойнап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

— Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Бұл – үлкен жетістік. Болашақта мен Қазақстанның U-17 жастар құрамасына өтіп, еліміздің абыройын әлемдік деңгейде қорғағым келеді. Жақында құрама жиындары өтеді. Мен міндетті түрде барып, өзімінің бағымды сынап көремін, — дейді Темірлан.

Темірлан футболды жастайынан ойнайды. Ал «FC Astana» құрамында 10 жасынан бастап жаттығады. Міне 6 жыл бойы бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысып келеді. Ол шеткі қорғаушы позициясында ойын көрсетеді.

— Үлкен футболға мені бразилиялық футболшы Неймардың ойыны, оның өзіндік ерекшеліктері алып келді. Маған оның допты басқаруы ұнайды. Мен де тап солай үйренгім келіп, кәсіби футболға келдім, — деп бөлісті ол. 

Жаттығулардың күнде болтынына қарамастан, жас спортшы ең негізгісі, оқуын да ұмытпайды. Бұл ретте оны отбасысы, ата-анасы қолдайды:

— Командалық жаттығулар бізде аптасына 6 рет бір жарым, екі сағаттан өтеді. Бұндай күн тәртібіне үйреніп те кеттім. Мен оқуыма да үлкен көңіл бөлемін. Себебі білім алу қажет деп білемін. Әлбетте, барлығын уақытында тапсыру, дед-лайндарға үлгеру, сабақтарға уақытында бару сияқты өзіндік қиындықтары бар. Менің ата-анам осындай сәттерде маған қолдау көрсетеді. Олар менің кез-келген бастамамды қолдайды.

Айта кетейік, Темірлан Ақатаев «Манчестер Сити» ағылшын футбол клубының жанкүйері. Жас спортшы дәл осы манкуниандықтардың ойынына қарап, бой түзейді.