7

Астана Халықаралық мектебінде 28-қараша мен 2-желтоқсан аралығында психологтарға арналған «Жасөспірім кездегі аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында семинар-трениннг өтті. Семинарға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 30-дан астам педагог-психологтары келіп қатысты. Ұйымдастырушысы – «НЗМ» ДББҰ оқушылардың әл-ауқаты департаменті.

– Астана қаласындағы Халықаралық мектепте оқушылардың физикалық және психикалық денсаулығын нығайту бағдарламасы тақырыбында семинар-тренинг өтті. Осы 5 күн оқу барысында оқушылардың физикалық, психологиялық денсаулығын нығайту, оларға дер кезінде көмек көрсету, анықтау тәсілдерін үйрендік, – дейді Астана Халықаралық мектебінің психологы Назерке Қалиева.

Оқушылардың әл-ауқаты департаментінің, аға менеджері Жанат Аманова семинардың барысы жайлы айтып берді:

– Бүгін біз 5 күндік семинар-тренингті аяқтадық. Семинар кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық мәселесін зерттеуге арналды. Сондай-ақ, мектепте кәмелетке толмағандар арасында аутодеструктивті, деструктивті мінез-құлықтың алдын алу қалай жүргізілуі тиіс деген мәселелерді қарастырдық. Ата-аналармен кездесу өткізіп, оларға жасөспірімдердің ерекшеліктері туралы ақпарат бердік. Сондай-ақ, бағдарлама аясында мектеп қызметкерлерімен кездесіп, олардың балалардың денсаулығын нығайту мен сақтаудағы рөлі туралы әңгімелестік. Менің ойымша, біз психикалық денсаулық саласындағы мамандардың құзыреттілігін арттыру мақсатына жеттік.

Шымкент НЗМ психологы, ұлттық тренер Жұлдыз Махатаева семинар-тренингтің тақырыбы, оның Қазақстанда, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде енгізілуі жайлы егжей-тегжейлі жеткізді:

– Осы семинарға барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 30 қатысушы келді. Бұл психологтардың біршамасының аталған бағдарламадан хабары бар. Ал кейбіреулері мүлдем хабарсыз. Жаңадан келген психологтар «Психикалық денсаулықты нығайту» бағдарламасын мүлдем білмейді. Бұл бағдарлама республикамызда 2015 жылдан бастап енгізілген. 2019 жылы Зияткерлік мектептерге енгізілді. Осы мектептің базасында психолог мамандарды оқытып, тәжірибелік тұрғыда көрсетуге тырыстық. Осы тренингтің ерекшелігі – біз балалармен қалай жұмыс істеу керек екенін көрсеттік.