162

Астана Халықаралық мектебінің 4-сынып оқушылары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсиға барды. Аталған шара оқу жоспарының «Жәдігерлер» юниті аясында ұйымдастырылды. 

Мекеменің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ірі музей кешені 74 000 шаршы метр жерді алып жатыр. Сондай-ақ тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 000 шаршы метрден асатын экспозициялық алаң 18 залдан тұрады.

Оқушыларға аталған залдардың барлығына экскурсия жүргізілді. Олар ғимаратқа кірісімен, алып самұрық құсының аспаннан қалықтап тұрған мүсінін көріп, таң-тамаша болды. Балалар тарихи жәдігерлерге, мәдени мұраларға асқан қызығушылық танытып, музей қызметкерлеріне сұрақтарын қойды.  

– Маған алтыннан жасалған әшекейлер ұнады. Олар өте әдемі болды. Сондай-ақ жануарлардың бейнесі, «Алтын адам» да қызықтырды. Біз өз тарихымызды білуіміз керек. Мен тарихты қызығып оқимын. Бұл – өте маңызды. Алдағы уақытта тарихпен байланысты қойылымдарды, театрларды көргім келеді, – дейді 4 «В» сынып оқушысы Искандер Қайрат.

Оқушылар музейден басқа да мәдени мекемелерге баруға ынталы екенін көрсетті. Бұндай шаралардың мәні мен маңызы жайында Халықаралық мектептің 4 «В» сыныбының кураторы Шынар Саукатова айтып берді:

– Балалар мәліметтерді ауызша тыңдағанға қарағанда, осылай өз көздерімен көріп, қолдарымен ұстағаны әлдеқайда артық. Бұл – оқушының көзқарасының дамуына, ойлау кеңістігінің артуына алып келеді. Бүгін біз үш сабақты тоғыстырып отырмыз. Олар – ғылымға кіріспе, дүниетану, жаратылыстану.

Сынып жетекшілерінің айтуынша, оқушыларды музейге апару арқылы олардың ғылымға, білімге, тарихқа деген құштарлығын ашуға болады. Оған қоса бұндай шаралар балалардың бойында елге, жерге деген отансүйгіштік сезімін тәрбиелейді.