42

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні алдында балабақша қызметкерлері салтанатты жиын өткізді. Бұл айтулы күн ел егемендігі мен азаттығын аңсаған қаһармандардың бірауыздан, біріге бас көтергендігін еске түсіреді әрі көпұлтты Отанымыздың басты құндылықтарының бірі – патриотизмнің белгісі болып табылады.

Іс-шара Қазақстан Республикасының әнұранын айтудан және «Көк тудың желбірегені» әніне түсірілген бейнебаянды көруден басталды. Жиналғандарға мектеп әкімшілігі атынан балабақша меңгерушісі – Жанат Медет құттықтау сөзін арнады. Ол өз сөзінде: «Бастысы, әр азамат өз ісін кәсіби деңгейде жасай білуі тиіс, сонда ғана ол азат еліміздің гүлденуіне жеке үлесін қоса алады», – деп атап өтті. Салтанатты кешті мекеме әдіскері Гүлшат Төлеужанова белсене қатысқан сауықтық бағдарлама жалғастырды. Ол кісінің 1986 жылғы оқиғаға қатысқандығын мойындағаны және сол кездің есінде өшпес із қалдырғаны барлығына зор әсер етті. Гүлшат Байтұрсынқызы өз басынан өткен сәттерін айтып, халықтың сүйікті әнін шырқап берді. Райхан Қанатбекқызы туған жерге арнап өлең-жыр оқып берді. Кеш бойы дарынды жастардан құралған «Тенгри» тобының әндері ойнап тұрды. Бұл отырыста үй ішіндегідей, отбасылық атмосфера орнап, әріптестер топтық сайыстарға қызыға қатысып, құттықтау лебіздерін айтып, викторина сұрақтарына жауап беріп отырды. Қазақстан туының суреті салынған ашық хаттар мен сыйлықтар отырыс қонақтарына марапат ретінде таратылды. Осы жиынға жүргізуші болған қазақ тілінің мұғалімі Мирас Үйсінбаевтың ерекше үлес қосқанын айта кету керек.