19

Жуырда Астананың төрінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагог қызметкерлерінің тамыз конференциясы өз жұмысын тамамдады. Конференция: «Зияткерлік мектептерде оқытудың нәтижелері мен келешегі: жаңа талаптар мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбына арналған болатын.

Ерекше назар аударарлық жайт, іс-шараның соңында ұйым мектептеріне қарайтын ең үздік мамандарды марапаттау рәсімі өтті. Олардың арасында мектебіміздің абыройын арқалаған өз өкілдеріміз де болды, атап айтқанда: балабақша меңгерушісі Жанат Медет, бастауыш сынып мұғалімі Майра Кусаинова және орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Алмагуль Орынбасарова. Әріптестерімізді қаншалықты мақтан тұтатынымыз айтпаса да түсінікті.

Биылғы конференция CIS сертификаттарын салтанатты түрде тапсырудан басталды. Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациядан өту туралы куәлігін Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептері алды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова өзінің негізгі баяндамасында «Зияткерлік мектептерде оқытудың нәтижелері мен келешегі: жаңа талаптар, жаңа мүмкіндіктерді» талдап берді.

Пленарлық отырыстың бірінші күнінде Назарбаев Университетінің президенті, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қамқорлық кеңесінің төрағасы Шигео Катсу және Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова сөз сөйледі. Рауан Кенжеханұлының баяндамасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жаңа гуманитарлық білімге арналды. Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина әріптестерінің назарын тұрақты даму негізіндегі жаһандық бәсекелестікті қалыптастыру мәселесіне, Қарағанды Зияткерлік мектебінің директоры Равиль Якупов – оқушылар тәжірибелерін дамытуда Массачуссити Университетімен өзара әріптестіктің өзектілігіне бұрды. Конференцияның экологиялық блогын БҰҰДБ Қоршаған орта және энергетика департаментінің үйлестірушісі Расул Рахимов пен «Ақбота» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Немцан ұсынды.

Конференцияда: мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына, пән бойынша әдістемелік бірлестіктердің жетекшілеріне, ата-аналар комитеттерінің өкілдеріне арналған барлығы 15 секция жұмыс жасады. Шығармашылық зертханалары мен әдістемелік көрмелер көрсетілді.

Жаңалықтың түпнұсқасы осында: http://nis.edu.kz/kz/press-center/news/?id=6623