62

Бүгін елдің барлық оқушылары биылғы қоңырау үнін соңғы рет естіді. Дәстүр бойынша Астана қаласындағы Халықаралық мектепте өткен оқу жылын қорытындылаған салтанатты жиынға ұстаздар, ата-аналар мен оқушылармен бірге құрметті қонақтар қатысты. Мәселен, мектепке астаналық білім басқармасы жетекшісінің қызметін атқарушы Ануар Жангөзин басқарма және қала әкімшілігі, атап айтқанда әкімнің орынбасары Ермек Аманшаевтың атынан құттықтау сөздерін жеткізіп, мектептің барлық ұстаздарының құрметіне мол тәжірибелі қызметкер Жанна Федотова-Ерёминаны марапаттау міндетін орындап қайтты. Жангөзин өз сөзінде мектептің жеткен жетістіктерін атап өтіп, келекшекте де табыстарға кенеле беруді тіледі.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының әнұранын тыңдаудан басталды. Мектеп директоры Бауыржан Ұзақбай алғашқы сөзінде жиналған қауымды қошеметке бөлеп, жүрекжарды лебіздерін арнады. Сондай-ақ, директор өткен жылдың қандай болғанына тоқталып өтті:

– Өткен жылды қорыта келе, айта кететін алғашқы мәселе – жаңа ғимарат кеңсесінде атқарған жұмысымыз бізге көп жағымды жаңалықтар мен мүмкіндіктер сыйлады. Халықаралық бакалавриат ұйымы растаған мәртебемізден бөлек одан да зор қуанышымыз біздің оқушыларымыздың жетістіктерімен байланысты болды. Олар түрлі жүлделерге қол жеткізіп, көптеген сындарда үздіктер қатарынан көріне білді. Осының барлығы ата-аналардың өз балаларының өміріне белсене араласа жүріп, сіңірген зор еңбектерінің арқасында. Осыған орай жеткіншектеріміздің жеңістеріне елеулі үлес қосқан әрі әлі де қосып жүрген мұғалімдер мен ата-аналарға алғыс айтамыз.

Шәкірттерді оқу жылының аяқталуымен мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Тимур Кұрманбаев та құттықтап, алғыс хат алды. Өздерін мектеп тағдырына бейжай қарамайтын, бастамашыл, белсенді өмірлік ұстанымы бар ата-ана ретінде таныта білгендерге де алғыс хаттар табысталды.

Оқушылар өз кезектерінде «Атамекен», «Жаса, туған жерім», «Мектебім» сияқты және басқа әндер енген концерттік бағдарламаны әзірледі. Мектеп шәкірттердің жан-жақты дамуына мән беретінін байқататын билер орындалды. 1 және 8 сыныптар үшін қоңырау үнін есту салтанаты көптен күткен сәт болды.

Мектептің барлық қоғамдық алаңдарында «Шығармашылық энергиясы» атаулы көрме ұйымдастырылды. Бұл шара мектеп қауымдастығының алдында жеткіншектердің зерттеу дағдылары мен жасампаздығын паш етіп,  сонымен қатар оларды шығармашылық жолына тартуды мақсат тұтты. Көрмеге қойылған қолдан жасалған бұйымдар мен заттар арасында: суреттер, қолдан құрастырылған өнімдер, тұрмыс жабдықтары, авторлық ойындар, ағаш пен пластилиннан жасалған ойыншықтар болды.  Мұндай көрмелер негізі қаланғалы бері Астана қаласындағы Халықаралық мектеп қағидалары мен ұстанымдарын қолдап келе жатқан Халықаралық бакалавриат бағдарламаларының елеулі бөлігі екенін айта кету керек.

Аталған іс-шаралар шеңберінде мектеп кітапханашылары Гүлжиян Искакова мен Көркем Жақсылықова әдеби шығармаларды оқудан жалықпайтын оқушыларды марпаттап үлгерді. Белгілі болғандай, бастауыш буында оқитын келесі балалар: Тунгышбаев Инсар, Карнакова Рашида мен Жанат Алинаның әрбіреуі соңғы оқу жылы ішінде 90 кітаптан оқып шығыпты. Бәрінен бұрын кітапханашылар кітап оқудың отбасылық дәстүрін қайта жаңғырту ісімен айналысқан болатын. Бұл жобаға қатысамын деп 3 «А» сыныбы оқушысының анасы Жанар Нұралы ниет білдірген. Сол үшін де бүгін оған алғыс хат бұйырды. «Мұндай бастамалар мәдениеттің ең маңызды бөлшегі болған, ұлттың зияткерлік әлеуетін көтеріп, жеке тұлға мен қоғамның шығармашылық және әлеуметтік белсенділігін арттыратын құрал ретінде балаларды кітап оқуға баулуға септік етеді», – дейді ұйымдастырушылар.