31

Білім күнінің қарсаңында мектебімізде барша мұғалімдердің басын қосып, бүкіл оқу жылына бағыт берген педагогикалық кеңес отырысы өтті. Мектеп директорының орынбасарлары келер жыл бойы қолға алынатын істердің жай-жапсарымен таныстырып, өз сөздерінде оқушылардың қатысуға тиіс ғылыми-зерттеу жобалары мен пән байқауларына дейін қамтып өтті. Шәкірттердің оқу үлгерімін бағалау әдіс-тәсілдерін әзірлеген PYP және MYP бағдарламаларының координаторлары жаңартылған оқу нұсқаулықтары мен басшылықтарды талқылады. Алда күтіп тұрған ортақ жұмыстың қыр-сырын қарастыру мүмкіндігі отырыстың түйініне айналды.

Мектеп директоры Бауыржан Ұзақбай алдымен жаңадан келген жергілікті және шетелдік мұғалімдерге қошемет көрсетіп, олардың конкурстық іріктеу барысында өздерін құлшынысы зор, жақсы нәтиже беруге ынталы кәсіби білікті мамандар екені белгілі болғанын атап өтті. «Біздің ұжым олардың дарын-қабілеттерін мектеп игілігіне жұмсауға асық», -деді мекеме басшысы.

Оқу ордамызда жақында ғана ұстаздар ұжымының жасақталғаны, мектеп қауымының жаңа мұғалімдер мен оқушылармен толығып жатқаны айтылды. Біздің мектебімізде оқуға асыққан шәкірттердің саны жыл сайын өсіп келе жатқаны – қуантарлық жайт. Нәтижесінде қазіргі күні 13 әдістемелік бірлестік түрлі жаңа салада қызметін атқаруға даяр. Олардың басшылары жиналыс үстінде орындарынан тұрып, өздерін таныстырды.

Іс-шараның соңына таман «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның педагогикалық өлшемдер орталығы емтихан кеңесінің атынан Алия Ордаевна Мадхалыкова, Эльмира Гусмаулемовна Нуртазина мен Еңлік Ғазизқызы Ғазиз ханымдар директордың қолынан алғыс хаттар алды. Сондай-ақ, Жанна Валерьевна Федотова-Ерёмина, Анаргуль Сериковна Мукашева және Галина Сергеевна Логунова мұғалімдер білім беру ресурстары орталығы атынан ұқсас сертификаттармен марапатталды.

Аталмыш шарада өте маңызды мәліметтер айтылып, сөз алушылар мұғалімдерді ынталандырып, оқушылардың үлгерімін арттыруға бағыттау мақсатын жүзеге асырды.