36

Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз мәресіне жетті.

«Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру» символикалық атауын алған астаналық педагогикалық форумның еліміздегі Балалар жылына орайластырылған басты шаралардың біріне айналғаны қисынға сай.

Конференцияда 1500-ден астам қазақстандық мұғалімдер мен ғалымдар, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері бас қосты.

Астанаға әлемдік білім беру саласының ең танымал өкілдері келді: Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк, Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж (Ұлыбритания), Кембридж университетінің Емтихандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Көптілді оқыту сарапшысы Питер Мехисто (Эстония).

Конференция делегаттарын Астана әкімі Алтай Көлгінов пен Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қарсы алды.

Конференцияның ауқымды күн тәртібі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты дамыту» атты баяндамасында айқындалды.

«Болашақ жолы: заманауи үрдістерді қабылдау» атты ең күрделі тақырыпты Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры, философия ғылымдарының докторы Дэвид Марш талдады. Ол халықаралық сарапшылар тобының құрамында Қазақстан мұғалімінің кәсіби стандартын жасауда NIS-пен серіктестікте жұмыс істеді.

– Стандарт балалардың сапалы білімге қол жеткізудегі толық теңдігін қамтамасыз етеді және мұғалімнің мансаптық жолындағы үздіксіз кәсіби өcуіне сәйкес келеді, – деп Дэвид Марш «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген тұжырымдамалық құжаттың жоғары сапасын атап өтті.

Астаналық форумның күн тәртібінде ақпараттық қоғам контексіндегі функционалдық сауаттылық, жас мұғалімнің кәсіби дамуы, қалыптастырушы бағалау саласындағы инновациялар, мектепте жайлы орта құру, инклюзивті және дербестендірілген оқыту, цифрлық мұғалімнің миссиясы және білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ басқа да жаһандық педагогикада сұранысқа ие басымдықтар бар.

Конференцияның жарқын сәттерінің бірі – Нидерландыдағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы RCEC сертификатын табыстау рәсімі болды.

– Бұл NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, ол әділдіктің, сенімділіктің, объективтіліктің жоғары стандарттарын, сондай-ақ конкурстық іріктеу жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды, – деп атап өтті Қазақстан астанасындағы конференцияға сертификатты өзі табыстау үшін арнайы келген RCEC директоры Арнольд Дж. Брауэр.

2022 жылғы Халықаралық конференцияның басты мазмұндық сипаттамасы – қазіргі білім берудегі негізгі трендтерге тәжірибелік тұрғыдан назар аудару.

Алғаш рет мектепке дейінгі білім беру мәселелері, соның ішінде, ең алдымен зерттеулердің сапасы және ұзақмерзімді әсерге арналған секциялық отырыстардың тұтас сериясы өтті. Бас спикерлердің қатарында әлемге танымал Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж болды.

Сұранысқа ие секциялар қатарын балаларға қауіпсіз және жайлы орта – қала, ауыл, мектеп құруға бағытталған арнайы отырыстар толықтырды. ЭЫДҰ стратегиялық талдау сарапшысы Франческа Готтшалк (Франция) халықаралық конференцияға «ХХІ ғасыр балалары: цифрлық дәуірдегі эмоционалды әл-ауқат пен білім беру» атты өзекті зерттеуімен келді.

Сондай-ақ конференция аясында алғаш рет «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова жас ата-аналармен кездесті.

Еңбек жолын жаңадан бастап жатқан педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы секция NIS-тің тамыз айында ұйымдастырған жас мұғалімдердің республикалық форумының заңды жалғасына ұласты.

Панельдік пікірталастар мен секциялық отырыстардың ауқымды топтамасы мұғалімнің кәсіби капиталына, ең алдымен, тікелей оның тәжірибесін көрсететін «Action Research» және «Lesson Study» зерттеуіне арналды. Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Тошия Чичибу NIS Педагогикалық шеберлік орталығымен ұзақ уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді, ол конференция алдында халықаралық сарапшы ретінде қазақстандық әріптестердің жоғары стандарттарын атап өтті.

«SHARE» халықаралық жобасын Кембридж университетінің профессоры Колин Маклафлин таныстырды. Ол – NIS-тің барлық дерлік конференциясына қатысып келе жатқан басты тұлғалардың бірі.

Астана Халықаралық мектебінің мұғалімдері де аталған конференцияда баяндамаларымен шығып, сөз сөйлеп, шеберлік сағаттарымен бөлісті: Қорлан Жілібекова – балалардың зерттеу әрекеті кезінде себеп-салдарлық сұрақтарды тұжырымдау (шеберлік сағаты), Олег Тё – оқушыларды саралау процесіне ақпараттық технологиялардың ықпалы, Гүлнар Қасымханова, Кәмшат Жүсіпова – мектеп жасына дейінгі балалардың ойлау дағдыларын дамытуға арналған нейро-жаттығулар, Ирина Михневич, Гүлшат Насимулдинова – мектеп жасына дейінгі балалармен еденде ойналатын ойындар ойнау, Юлин Лен, Әлия Әлмұхаметова – квест ойындар тиімді ме? Фариза Мамашева, Череми де ла Круз – ойындар – негізгі дағдыларды меңгертудің ерекше тәсілдері (шеберлік сағаты), Махфуза Жанпейісова – cын тұрғысынан ойлау элементтері арқылы балалардың коммуникативтік дағдыларын дамыту, Гүлзат Қапарова, Айсұлу Тұяқбаева – ТРИЗ – тілдік дағдыларды дамыту барысында балалардың бастамасын қолдау құралы, Жанна Кәрімбаева – музыкалық жинақ (шеберлік сағаты).

Автограф-сессияда конференция қатысушылары қазіргі қазақ балалар әдебиетінің үздік шығармаларын тудырған белгілі отандық жазушылар мен суретшілер – Сауран Қастеев, Әсел Имайо, Алтай Асқар, Мейірхан Жылқыбай, Серікбол Хасан, Саят Қамшыгер, Рүстем Сауытбай, Ольга Гумирова, Зәуре Төреханмен кездесті.

Екінші күні Күләш Шәмшидинова Конгресс-орталыққа тікелей Ақордадан келді. Оны айтулы жаңа наградамен бірінші болып конференция делегаттары құттықтады. Республика күні қарсаңында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиноваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріліп, медальді Күләш Ноғатайқызына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.

Он жыл ішінде дәстүрлі NIS конференциясы әлемдік білім берудегі жаһандық трендтер бойынша стратегиялық шешімдердің талданатын және қабылданатын ең беделді халықаралық алаңдардың бірі ретінде танылды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы Астана қаласы әкімдігі, Bilim Media Group, «Aitas KZ» холдингі, «Fizmat Endowment Fund» қоғамдық қоры және «Базисный магазин» ЖШС-мен серіктестікте дайындалды.