13

Бүгін Астана қаласындағы Халықаралық мектепте оқу жылының басталуына арналған «Болашақ кілті – жастарда» ұранымен дәстүрлі салтанатты жиын өтті. Білім күнін тойлаған алғашқы жиын үстінде бүлдіршіндерді бірінші сыныпқа салтанатты қабылдау рәсімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жиналған оқушылардың көз алдында Назарбаев Университетін жаңа бітіріп келген химия пәнінің мұғалімі Назира Шабденова мен Абай атындағы Қазақ ҰПУ түлегі, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жадыра Сапаргазинова есімді жас мамандар салтанатты жағдайда мектеп қызметкерлерінің қатарына қосылды. Қос маманға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы атынан «кәсіпке кіріскендерін» білдіретін естелік төсбелгілері табысталды. Осы тұста көпшілік назарына түрлі концерттік бағдарламалар ұсынылды, соның ішінде бір топ оқушы көлемді кілт түріндегі атрибутпен «Болашақ кілті –жастарда» атаулы флешмоб аясында би билеп өнер көрсетті. Екінші шараны бастамас бұрын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның академиялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Қазжанова жеткіншектерге жылы лебіздерін білдіріп, құттықтап, ұйым ұжымының Зияткерлік мектептер жүйесінде оқитын шәкірттерді мақтан тұтатындығын айтып, сондай биіктен көріне беруді тіледі.

Кейін мектеп директоры Бауыржан Ұзақбай: 
– Ұстаз бен шәкірттің өміріндегі ең елеулі оқиғалардың бірі – дәстүрлі Білім күніне арналған салтанатты жиынға қош келіпсіздер. Баршаңызға мереке құтты болсын деймін. Жаңа оқу жылы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бүлдіршіндерден бастап, оқуын келесі сыныпта жалғастырмақ оқушылардың барлығына қайырлы, жетістікке толы жыл болсын! Балаларының тақымын қысқан ата-аналар мен жандары жайсаң мұғалімдерге мол күш-қайрат пен берік төзім тілеймін, – деп сөз бастады.

Білім күнінің негізгі шарасына айналған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жайлы фильмнің көрсетілімі өтті. Аталмыш фильм «Бір шаңырақ астында» форумының аясында мәжіліс залында көрсетіліп, 6-9-сыныптардың оқушылары бағдарламалық мақаланы іске асыруға бағытталған Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жобаларымен танысты. Мәселен, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының арқасында шәкірттер өз өңірінің дамуына және тәмәмдаған мектебінің оң имиджін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан, өмір жолы мен жеткен жетістіктері көп адамға үлгі болуға лайық азаматтар жайлы танып біле алады.

Оған қоса бүкіл мектепте 1-5-сыныптарға арналған «Мен – елімнің патриотымын» тақырыбын қозғаған кураторлық сағаттар өткізілді. Тәрбие сағаттары барысында ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізін талқыға салды. Сондай-ақ, елдің тәуелсіздігін нығайту және тарихи мұрасын сақтауда оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және қазақстандық патриотизм идеясын Назарбаев Зияткерлік мектебінің әр оқушысы мен педагог қызметкерінің өмірлік принциптеріне айналдыруға көп көңіл бөлінді.