439

 Балабақшамыздағы денсаулық күні – біздің балалар үшін үлкен мереке. Көңілді сауық-сайран, шулы жарыстар және қызықты ойындарсыз балалардың өмірін елестету мүмкін емес. Балаларды дене шынықтыру жаттығуларына және салауатты өмір салтына баулу мақсатында 2018 жылдың 2-ақпанында балалабақшамызда « Денсаулық , зор байлық » атты денсаулық күні болып өтті.

 Бұл күні біз ата-аналарды таңертең  қарсы алып,  сиқырлы қораптан  денсаулықты сақтауға арналған тілектер тараттық.    Әдеттегідей бұл күніміз де көңілді музыка ырғағындағы таңғы жаттығудан басталды. Тәрбиешілер өз топтарындағы балалармен денсаулықты күту жайында әңгіме құрды.  Ал аспаздарымыздың бұл күнгі ұсынған барлық тағамы ерекше дәмді, дәрумендерге бай болды.  Барлық топ балалары денсаулық станцияларына аттанар алдында музыка залына  жиналды. Оларды ол жерде Пилюлькин есімді дәрігер тексеріп, барлығының дені сау  саяхатқа шығуларына рұқсатын берді. Жолда ешкімнің адасып кетпеуі үшін барлық топқа бағыттық қағаз бен денсаулық төлқұжаттары берілді. Балалар барған «Спорт», «Ән-би», «Көңілді сөйлеу», «Айтылым», «Позитив», «Сурет» атты станциялардың барлығында олардың денсаулық төлқұжаттарына мөр басылып отырды.  Әр станцияларда балаларды балабақша мұғалімдері күтіп алып, олармен әр түрлі ойындар ойнады, сұхбаттасты, тапсырмалар берді. Сонымен қатар, әр топқа сыйлық ретінде, «Сиқырлы сабын» берілді.  

«Біз көңілді балалармыз» деп аталатын серуенде балалар әртүрлі қимылдық ойындар ойнап, қардан әр түрлі мүсіндер жасап,   сырғанақта сырғанап, бой шымырлатар қысқы таза ауамен демалды. Екінші сәбилер топтарында спорттық-қимылдық ойындар түстен кейін  жалғасын тапты.  

Міне, бақшамыздағы Денсаулық күні осылайша көңілді, шулы, әрі балалардың белсенді қатысуымен өтті. Өтілген Денсаулық күні  балалардың тек қимылдық жағынан дамуына ғана әсер етіп қоймай, сонымен қатар адамгершілік тәрбиесіне де, жағымды эмоцияларға бөленіуіне де септігін тигізді.