15

Бүгін «Bloomberg Philanthropies» ұйымына қарасты «Global Cities, Inc.» халықаралық бағдарламасының негізін салушы әрі оның президенті Марджери Тивен бастаған құрамында консультациялық кеңес мүшесі Розмари ДиКарло мен кеңесшісі Николь Киф Фитжеральд бар делегация «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының шақыруымен Қазақстанға сапармен келді. Бес күндік іссапарларын олар Астана қаласындағы Халықаралық мектепке ат басын тіреп, Зияткерлік мектептердің басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова, оның орынбасары Назипа Аюбаева және басқалармен кездесуден бастады.

Қонақтар келе салысымен мектеп директоры Бауыржан Ұзақбай оларға жаңа оқу ғимаратын көрсетіп, экскурсия жасап, сондай-ақ заманауи техникалық жабдықталуы жақсы оқу орны жағдайында оқу процесі қалай жүргізілетінін әңгімелеп берді.

Global Cities – Нью-Йоркте орналасқан бейкоммерциялық ұйым. Бұл ұйым бүкіл әлем бойынша түрлі қалада оқитын оқушылардың басын қосып, ғаламдық азаматтардың келесі ұрпағына айналуға дайындайтын «Global Scholars» халықаралық онлайн оқу бағдарламасын басқарады. Оның шеңберінде 10-13 жастағы шәкірттер сыныптағы сабақтарынан бөлек Интернет арқылы білім ала отырып, шетелдік құрдастарымен қарым-қатынас жасайды.

Бұл бағдарламаны жергілікті мектептерде қолданысқа енгізуге деген талпыныс онлайн режимде тікелей тілдесу арқылы балалардың мәдени өзара түсіністігін, әлемді танып білу мүмкіндіктерін және жаһандық біліктілік дағдыларын дамыту мақсатымен байланысты.

Шетелдік қонақтардың сапары барысында қос тарап бірлескен жұмыстарының үміт күттіретін бағыттарын, сонымен бірге осыған дейін қолға алынған серіктестіктерін егжей-тегжейлі талқыға салды, өйткені бірнеше Зияткерлік мектеп бұл бағдарламаға қатысып үлгерген, атап айтқанда: Көкшетау қаласындағы физика-математикалық бағыттағы НЗМ бұл курсқа 2014-2015 оқу жылында 5-6 сынып оқушыларын жұмылдырса, Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы НЗМ 2015-2016 оқу жылында 5-6 сынып оқушыларын, одан кейінгі жылы 7 сынып оқушыларын тартса, Петропавловск қаласындағы химия-биология бағытындағы мектеп те 2016-2017 оқу жылында 7 сынып оқушыларын қатыстырды. Аталмыш кездесуде аты аталған үш мектептің де өкілдері болып, олар осы бағдарлама аясында атқарған жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.

Зияткерлік мектептердің координаторлары «Global Scholars» бағдарламасы оқушылардың өзіндік жұмыстары мен көптеген біліктерді тәрбиелеуге бағытталады деп ескертеді. Мәселен, ол шетелдік құрбы-құрдастарымен түрлі тақырыптарды қозғап хат алмаса отырып, ағылшын тілінде жазу жазуға мүмкіндік беретін халықаралық дәрежедегі коммуникативтік дағдыларды нығайтады.

Global Cities жыл сайын өзіндік ерекшелігі басым оқу бағдарламасын ұсынып отырады. Ол болса тамақтану мен денсаулық сақтаудан бастап, экологиялық тұрақтылыққа дейінгі жаһандық мәні бар мәселелерді көтерген тақырыптарға арналады. Аталған бастаманың арқасында мұғалімдер оқушыларға арналған тегін сабақ жоспарлары мен материалдарға қол жеткізіп, сондай-ақ жыл бойы үзілмейтін білімнен сусындап, оқытушылардың халықаралық желісіне еш шектеусіз қосыла алады.