21

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-те желілік ғылыми жобалар байқауының қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы үздік жұмыс авторлары белгілі болды. Астана Халықаралық мектебінің 10-сынып оқушысы Аллаберген Татубаев ІІ орын иеленді.

– Біз «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын белгілеу: тарихы мен мәселелері» тақырыбын таңдауды жөн көрдік. Себебі бұл тақырып қазіргі таңда өте өзекті. Бұл бағытта көлемді монографиялық еңбектер жоқтың қасы. Өйткені ол көбіне жалпыланған күйінде берілді. Ал менің жобам жүйеленген жұмысты, хронологиясы мен маңыздылығы бойынша дереккөздер тізімін ұсынады, – дейді Аллаберген.

Ол өз жұмысын «Тарих» секциясы бойынша ұсынды. Оның айтуынша, жоба жетекшісі Жанна Есілбаева әрдайым бағыт беріп отырған.

– Мен жүлделі орын алатыныма сенімді болдым. Себебі біз бұл жобаны ұзақ уақыт дайындадық. Мен көптеген деректерді қарастырдым. Әлбетте, мен жеңіске жеткім келді. Алайда екінші орын да жақсы марапат деп есептеймін, – дейді ол.