3

Астана Халықаралық мектебінде «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында «Угадай мелодию» атты ойын ұйымдастырылды. Аталған сайыста 6 және 7-сынып оқушылары қазақ әндерін тауып, бақ сынасты. Бұл жобаның мақсаты – ұлттық музыка негізінде оқушылардың музыкалық мәдениеті мен рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Жобаның ұйымдастырушылары – педагог-ұйымдастырушы-кураторлар Әділет Әбдіқадыр мен Камила Купешева. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбар Тусупбаев, кураторлар бірлестігінің жетекшісі Құсман Бекболатов, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Еңлік Ғазиз қазылық етті.

«Қазақ әндері» тізіміне қазақтың халық әндері, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттайтын қазақ авторларының әндері енген. Бұл әндер оқушыларға «Табиғат көріністері», «Патриоттық әндер», «Халық әні», «Махаббат әндері», «Достық» атты ұяшықтарға жасырылып ұсынылды.

Тартысты ойынның қорытындысы бойынша, бас жүлдеге 6 «А» сыныбы, жүлделі ІІ орынға 7 «С» сыныбы және ІІІ орынға 7 «Е» сыныбының оқушылары ие болды.