74

Астана Халықаралық мектебінде 6-сынып оқушылары мен ата-аналары арасында «Дарабоз» эстафеталық ойыны өтті. Аталған шараны дене шынықтыру және қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері мен кураторлар ұйымдастырды.

Шараның шымылдығын мектеп директоры Айдар Булатов ашты. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта да осындай іс-шаралардың өтуін құптайтынын жеткізді. Сондай-ақ оқушыларды тәрбиелеуде, оларға білім беруде мектептің де, ата-ананың да рөлі ерекше екенін атап өтті.

Эстафеталық ойын «Адасқан әріптер», «Ойна да, ойла», «Сөз мерген», «Кім жылдам?» атты 4 кезеңнен құралды. Әр кезеңде қатысушы командалар спорттық қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, қазақ тілінен де тапсырмалар орындады. Оқушылармен қоса ата-аналар да керемет әсерде болғанын айтты:

– Астана Халықаралық мектебінің қабырғасында өте қызық шара өтіп жатыр. Маған команда да, ойын шарттары да, бәрі ұнады. Ойын жеңіл әрі бір демде өтті деп ойлаймын. Халықаралық мектеп алға! – деп өз әсерімен бөлісті Мақпал Рахимбердинова.

Спорттық сайыста дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мырзағали Алишев, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Асем Мурзахметова мен Индира Ахметова қазылық етті.

– «Дарабоз» ойыны өте қызық өтті. Маған ұнады. Осындай ойындар, эстафеталар, жарыстардың көп болғанын қалаймын. Әсіресе ойынға ата-аналармен қатысу керемет көңіл-күй сыйлады, – дейді 6 «D» сынып оқушысы Жания Мұрат. 

Сайыстың қорытындысы бойынша, 6 «Е» сыныбы І, 6 «А» сыныбы ІІ, 6 «В» сыныбы ІІІ орын иеленді.